Еліміздің экономикасының еселенуіне, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосып жүрген бірлескен компаниялар аз емес. Қазақстан Үкіметі мен дүние жүзіндегі ең ірі корпорациялардың бірі «Шеврон» корпорациясы арасындағы 40 жылды қамтитын келісімшарттың негізінде іргесі қаланған «Теңізшевройл» ЖШС осындай аса ірі бірлескен компаниялардың санатында.
1993 жылғы 6 сәуірде Елбасы Н.Назарбаев пен «Шеврон» корпорациясының сол кездегі президенті Кеннет Дерр Алматы қаласында «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойған болатын. Қазақстан үшін ғана емес, «Шеврон» корпорациясы үшін де бұл мәміле 1970-ші жылдардың басынан бергі ең ірі халықаралық мәміле болып табылатын. Осы Қазақстан-Америка мұнай келісімшартына қол қойылуының бүкіл дүние жүзі үшін экономикалық қана емес, саяси маңызы бар оқиға болғаны анық.
Құрылғанына биылғы жылдың сәуір айында 25 жыл толатын компания осы ширек ғасыр ішінде қазақстандық көмірсутегі өндірісінің жаңа биікке көтерілуі орасан зор үлес қосты. «Теңізшевройл» ЖШС сан миллиард инвестицияны тиімді игерудің және шетелдік озық технологияларды Қазақстандағы кеніштердегі өндірісте қолданудың үлгісін көрсетіп, отандық мұнай-газ өндірісінің инфрақұрылымының түбегейлі қайта құрылуына, өндіріс базасының әлденеше есе кеңеюіне мұрындық болды.
1993 жылдан бергі аралықта «ТШО»-ның Қазақстан тарапына төлеген төлемдерінің жалпы көлемі 125 миллиард АҚШ долларынан асады. Тек өткен жылдың өзінде республикамызға төленген тікелей төлемдері 8,5 доллардан аса түскен. Осынша қаржыға отандық мамандарға еңбекақы төленіп, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері, мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының дивиденттері, мемлекеттік бюджетке түскен салық пен роялти және басқалары кіреді.
Соңғы жылдары «Теңізшевройл» шикізат өндіру көлемін арттыра түскенін атап өту керек. Мәселен, 2017 жылы компания «Теңіз» кенішінен барлығы 28,7 миллион тонна (229 миллион баррель) мұнай өндірді.
Құрылғанына 25 жыл толатын дөңгелек дата қарсаңында «Теңіз» кенішінде тіркелген тағы бір көрсеткішті атап өту керек. 2017 жылғы маусымда кен орнынан алынған шикізат көлемі 3 миллиард баррельдік (375 миллион тонна шамасында) межені бағындырды. Қазіргі таңда жыл сайын 26-27 миллион тонна өнім алатын бірлескен кәсіпорын толық қуатын іске қосу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл көрсеткішті жылына 39 миллионға дейін арттырады деп жоспарланған. Бүгінгі таңда кеніште 130 ұңғы болса, бұрғылау жұмыстары жоспарының аясында 2022 жылға дейін тағы 100 ұңғыны іске қосу жоспарланғанын атап өткен жөн.
«Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының мұнай өндіру технологиясы бөлімінің менеджері Руслан Қуатовтың айтуынша, «қара алтынның» және табиғи газдың өндіру көлемінің артуына «Теңіз» бен «Қарашығанақ» мұнай және газ конденсатты ең ірі кен орындары айтарлықтай әсер етіп, республикамыздың индустриялық дамуына ауыз толтырып айтарлықтай септігін тигізді. Маманның айтуынша, Каспий теңізінің қазақстандық секторында ауқымды мұнай-газ өндіру операцияларын тиімді іске асыру қазіргі заманғы өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды қалыптастырып, оны дамыту жолдарына игі ықпалын тигізеді. Қазақстанның ірі мұнай-газ қоры – нағыз инвестицияның көзі.
– Мұнай-газ секторының экономикалық әлеуетінің өсуі – бүкіл елде мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы арқылы қамтамасыз етіледі. Шетелдік инвестициялар мен технологияларды тарту «Теңіз» кен орнында мұнай өндіруді арттыруға және дамытуға мүмкіндік берді,– дейді Руслан Қуатов.
Осыған қосарымыз, тәуелсіздік алған уақыттан бергі аралықта мұнай өндіру жылына 28,7 миллион тоннаға дейін өсті
«Теңізшевройлдың» қазақстандық қамтуды дамыту стратегиясының басты аспектісіне тоқтала кетейік. Ол мұнай-газ индустриясымен ынтымақтастық байланыста халықаралық сапа мен стандарттарды сақтай отырып, қазіргі бар және ықтимал жабдықтаушылармен жұмыс жасауға негізделген. Халықаралық озық стандарттарға жауап беретін отандық тауарлар мен қызметтер нарығымен байланысты ұдайы дамыту компанияның үздіксіз даму стратегиясының іргетасы болып табылады.
Компанияның қазақстандық қамту бойынша міндеттерін орындауы үшін тауарлармен және қызметтермен жабдықтаушыларға ұзақ мерзімді мүмкіндіктер берілуі тиіс. Сол себепті «ТШО» инфрақұрылымға, қазақстандық кадрларды оқыту және жұмыс орындарын ашуға қажетті инвестицияны тарту арқылы қазақстандық жабдықтаушыларды тұрақты дамытуды қолдауын жалғастыра бермек. 2017 жылы компания қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға 2,5 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсапты. 1993 жылдан бастап ТШО қазақстандық компаниялардың 24 миллиард АҚШ долларын құрайтын тауарлары мен қызметтерін пайдаланғанын ерекше атап өткен жөн.
Қазақстандағы аса ірі бірлескен компания еліміздегі әлеуметтің бағдарламалардың жүзеге асырылуына да сүбелі үлес қосып жүргеніне тоқтала кетейік. Мәселен, «ТШО» құрылған күннен бастап қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына 1,43 миллиард доллардан астам қаржы жұмсады. Өткен жылы «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасының бюджеті 25 миллион долларды құрағаны атқарылған қыруар жұмыстың бір бөлігі ғана. Аталмыш қаржының басым бөлігі өңірдегі балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалуда. Соның арқасында бас-аяғы 1 жыл ішінде аймақта 7 балабақша, 3 мектеп, 3 мәдениет үйі, 3 дене шынықтыру-сауықтандыру кешені және облыс орталығындағы ретро-саябақ сынды нысандар пайдалануға берілген.
Қазақстандық көмірсутегі өндірісіне ерекше серпін беріп келе жатқан компанияның келешек жоспарлары да ауқымды. 2016 жылы «ТШО» серіктестері Теңіз мұнай кен орнының өндірістік қуатын арттырудың жаңа кезеңі болып табылатын келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қаржыландыру жөніндегі ақырғы шешімнің қабылданғаны туралы жариялаған-ды. «ТШО»-ның өндірістік қуатты арттыру мақсатында табысты түрде жүзеге асырылған алдыңғы жобасының тәжірибесін негізге ала отырып, ККЖ өндіріс қуатын жылына шамамен 12 миллион тонна немесе тәулігіне 260 мың баррельге ұлғайтты. Осының арқасында болашақта мұнай өндірісінің жылдық көлемін шамамен 39 миллион тоннаға немесе тәулігіне 850 мың баррельге жеткізу көзделіп отыр.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны алдағы уақытта «қара алтын» өндіру көлемін одан әрі арттырып, сол арқылы ел экономикасына үлес қосуды, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етуді жалғастыра беретін болады.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»